Жарғы

 

Қазақстан Республикасы Жеке сот орындаушыларының республикалық Съезінде 2018 жылдың 27 қырқұйегінде

бекітілген

 

 

ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПАЛАТАСЫНЫҢ

 ЖАРҒЫСЫ

 

 

1-ТАРАУЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

1-бап.

Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы (әрі қарай осы Жарғының мәтіні бойынша - Палата) коммерциялық емес, кәсіби, өзін-өзі басқаратын, жеке сот орындаушыларының қызметін үйлестіретін және олардың Қазақстан Республикасының атқарушылық өндіріс туралы және сот орындаушыларының мәртебесін сақтауын бақылайтын ұйым болып табылады.

 

2-бап.

Палата Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституциясының, Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV «Атқарушылық өндіріс және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы № 142-II «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңының, Қазақстан Республикасының «Атқарушылық өндіріс және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңына қайшы келмейтін бөлікте осы Жарғының негізінде жұмыс істейді.

 

3-бап.

Палата Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушыларының міндетті мүшелігіне негізделген заңды тұлға болып табылады.

Палата жеке сот орындаушыларының құқықтары мен заңды мүдделерін жеткізу, қорғау үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Атқарушылық өндіріс және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңымен белгіленген басқа функцияларды орындау үшін құрылған.  

 

4-бап.

Палата мен оның мүшелерінің қызметі заңдылық, жариялылық, әділдік, теңдік, өзін-өзі басқару және өзін-өзі қаржыландыру принциптеріне негізделген.

 

5-бап.

Палата Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуірдегі № 2198 «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерін есептік тіркеу туралы» заңға сәйкес Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап заңды тұлғаның құқықтары мен міндеттерін алады. Мөрі, мөртаңбасы мен бланктері, өзінің атауы бар символикасы, банктерде есепшоттары болады.

 

6-бап.

Палатаның балансында көрінетін меншікті мүлкі болуы мүмкін (ғимараттар, кешендер, тұрғын ғимараттар, көлік, құрал-жабдықтар, қондырғылар, ақша қаражаты, құнды қағаздар мен басқа жылжымалы және жылжымайтын мүлік). Палата өз қызметінің мақсатына және мүлкінің тағайындамасына сәйкес өз мүлкіне иелік етіп, пайдаланып, жаратады.

 

7-бап.

Жарғылық мақсаттарын орындау үшін Палата құқылы:

  • өз атынан келісімдер, оның ішінде сыртқы экономикалық келісімдер жасауға, сондай-ағ ҚР қолданыстағы заңнамасы мен осы Жарғыда тыйым салынбаған басқа заңды істерді жасауға;
  • мүліктік және мүліктік емес құқықтарды алуға және жүзеге асыруға және міндеттер алуға;
  • сотта талапкер және жауапкер болуға.

 

8-бап.

Мемлекет пен оның органдары Палатаның міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Палата да мемлекеттік және оның органдарының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

Палата мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жүйесіне кірмейді.

 

9-бап.

Палата өзінің міндеттемелері бойынша өзінің меншік құқығындағы барлық мүлікпен жауап береді және өзінің мүшелерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Палатаның мүшелері де Қазақстан Республикасының заңнамасы мен осы Жарғыда белгіленген жағдайлардан басқа жағдайларда Палатаның міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

 

10-бап.

Палата белгіленбеген мерзімге құрылады, пайда табу мақсаты жоқ, алынған кірістерді өз мүшелерінің арасында бөлмейді, палата алған кірістерді осы Жарғымен белгіленген жарғылық мақсаттар мен міндеттерге жұмсайды.

 

11-бап.

Палатаның меншігінде бұқаралық ақпарат құралы болуы мүмкін және жеке сот орындаушылары үшін кәсіби мүддені қорғайтын мәселелер бойынша баспа қызметін жүзеге асырады. 

 

12-бап.

Палата өз атынан атқарушылық құжаттарды орындау бойынша қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ.

 

13-бап.

Палата халықаралық, кәсіби, ғылыми алмасуға қатысады, халықаралық кәсіби ғылыми конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, семинарлар мен симпозиумдарға қатысады және жүргізеді.

 

14-бап.

Палатаның толық атауы:

мемлекеттік тілде: «Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасы»;

орыс тілінде: «Республиканская палата частных судебных исполнителей Республики Казахстан»;

Палатаның қысқартылған атауы:

Мемлекеттік тілде: «Жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасы»;

Орыс тілінде: «Республиканская палата частных судебных исполнителей»;

Палатаның ағылшынша атауы: «Republican chamber of private bailiffs of Kazakhstan».

 

15-бап.

Палатаның орналасқан орны: индекс 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы,  Есіл ауданы, Қайым Мухамедханов көшесі 9ү., ВП - 3.

 

2-ТАРАУПАЛАТА ҚЫЗМЕТІНІҢ НЫСАНЫ МЕН МАҚСАТТАРЫ

 

16-бап.

Палата қызметінің мақсаты атқарушылық құжаттарды орындау бойынша жеке сот орындаушыларының қызметін ұйымдастыру, Қазақстан Республикасында жеке сот орындау институтын жетілдіру және дамыту.

 

17-бап.

Республикалық палата қызметінің нысаны болып табылады:

- жеке сот орындаушыларының және жеке сот орындаушыларының өңірлік  палаталарының – Палата филиалдарының қызметін ұйымдастыру және үйлестіру;

- мемлекеттік билік және басқару органдарында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қоғамдық бірлестіктерде және басқа меншік формасындағы ұйымдарда, Қазақстан Республикасы ме шет мемлекеттердің сот органдарында жеке сот орындаушыларының мүдделерін, кәсіби және әлеуметтік құқықтарын қорғау;

- жеке сот орындаушыларының қызметіне әдістемелік, тәжірибелік, консультациялық көмек көрсету;

-Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушыларының жоғары кәсіби және этикалық стандарттарын қамтамасыз ету;

- тыйым салынған мүлікті өткізу бойынша бірыңғай электронды сауда алаңын ұйымдастыру;

- Палатаның мақсаттарына жетуге бағытталған, қолданыстағы заңнамада тыйым салынбаған басқа іс-әрекеттерді жүзеге асыру.

 

18-бап.

Жарғылық мақсаттарды жүзеге асыру үшін Палата:

-адам құқықтары мен міндеттерін мойындауға, сақтауға, қорғауға көмектеседі;

-жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарының қызметін үйлестіреді;

-мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктерде, соттар мен жеке сот орындаушыларының қызметін қамтамасыз ету мәселелері бойынша басқа ұйымдарда жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарының және жеке сот орындаушыларының мүддесін қорғайды;

-жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарының басшыларының қызметіне бақылау жасайды;

-Республикалық палатаның мүшелігіне қабылдаған кезде жеке сот орындаушыларын облыстарға, аудандарға, республикалық маңызы бар қалаларға, астаналарға бөледі;

-жеке және заңды тұлғалардың жеке сот орындаушыларының әрекетіне (әрекетсіздік) шағымдарын қарастырады;

-жеке сот орындаушыларының тәртіптік қылықтары туралы материалдарды қарайды және кінәлі тұлғаларға тәртіптік жаза тағайындайды;

-өкілетті органға қолданыстағы заңнамада қарастырылған негіздер бойынша жеке сот орындаушының лицензиясын тоқтату немесе қолданылуын тоқтату туралы ұсыным береді;

-жеке атқарушылық қызмет мәселелері бойынша Халықаралық сот орындаушылары мен қызметкерлерінің, басқа халықаралық және шетелдік ұйымдардың жұмысына қатысады;

-жеке атқарушылық қызметпен байланысты атқарушылық өндіріс мәселелері бойынша өкілетті органның, басқа мемлекеттік органдардың норма шығару және сарапшылық қызметіне қатысады;

-жеке сот орындаушылары мен олардың көмекшілерін кәсіби оқыту, оның ішінде қашықтықтан оқыту бойынша білім беру ұйымдары мен оқу орталықтарын анықтайды;

-жеке сот орындаушыны және оның көмекшісін (көмекшілерін) кәсіби оқыту, оның ішінде қашықтықтан оқыту бағдарламасы мен мерзімдерін бекітеді;

-жеке сот орындаушылары мен олардың көмекшілерін кәсіби оқытудың уақытылы жүргізілуін бақылайды;

- барлық тағылымдамадан өтушілер үшін міндетті болып табылатын бірыңғай тағылымдамадан өту бағдарламасын бекітеді;

-жеке тәжірибемен айналысатын сот орындаушыларының әлеуметтік және кәсіби құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді;

-жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарының қызметін мерзімді түрде тексереді;

-жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарының есептілік формаларын әзірлейді және белгілейді;

-Қазақстан Республикасының атқарушылық өндіріс және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасын қолдану тәжірибесін жалпылайды және оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді;

-жеке сот орындаушылық институтының жұмыс істеуімен және азаматтардың құқықтарын қорғаумен байланысты талдамалық, ғылыми және зерттеушілік қызметті жүзеге асырады;

-орындауға міндетті жеке сот орындаушыларының кәсіби абыройы Кодексін қабылдайды;

-Палата мүшелерінің қызметін ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етеді;

-комиссия мен Палатаның басқа органдарының жұмысын ұйымдастыруда бірыңғай прицниптер мен критерийлерді қалыптастырады;

-тәртіптік тәжірибені жалпылайды және қажетті ұсыныстарды әзірлейді;

-тыйым салынған мүлікті өткізу бойынша бірыңғай электронды сауда алаңын ұйымдастырады;

-Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған басқа өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

19-бап.

Республикалық палата басқа заңды тұлғаларды құруға немесе қызметіне қатысады, өз филиалдары мен өкілдіктерін құрады, сондай-ақ қолданыстағы заңнама мен осы Жарғыда айқындалған өз мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін басқа ұйымдарды құруға құқылы.

 

20-бап.

Палата жеке сот орындаушыларын, жеке сот орындаушылары құрған заңды тұлғаларды, жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарын марапаттау және көтермелеу (алғыс хат, құрмет грамотасы мен кәсіби ерекшеліктің басқа белгілері) негіздері мен тәртібін айқындайды, заңмен белгіленген тәртіпте «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері» құрметті атағы мен мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсыну туралы өтініш береді.

 

3-ТАРАУПАЛАТАДАҒЫ МҮШЕЛІК, ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ.

 

21-бап.

Жеке сот орындаушы – жиырма бес жасқа толған, жоғары заңгерлік білімі бар, жеке сот орындаушының лицензиясын алған және жеке сот орындаушыларының республикалық палатасыга кірген Қазақстан Республикасының азаматы.

 

22-бап.

Келесі тұлғалар жеке сот орындаушы бола алмайды:

-қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіпте еңбекке қабілетсіз немесе еңбекке қабілеті шектеулі деп танылған;

-жеке сот орындаушының өкілеттіктері берілгенге дейін үш жыл бойы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін сот тәртібінде әкімшілік жаза салынса;

-сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған;

-бұрын кері мотивтер бойынша мемлекеттік, әскери қызметтен, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардан, соттар мен әділет органдарынан қуылған;

-заңмен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар;

-мерзімді төлемдерді өндіру туралы атқарушылық өндіріс бойынша қарызгер болып табылатын және үш айдан аспайтын мерзімді өндірім бойынша қарызы бар тұлғаларды қоспағанда атқарушылық өндіріс бойынша қарызгер болып табылатын;

-наркологиялық және психиатриялық ұйымдарда есепте тұрған;

-жеке сот орындаушының лицензиясынан айырылған.

 

23-бап.

Жеке сот орындаушы өзінің лауазымдық міндеттерін өз атынан және өз жауапкершілігімен орындайды.

Жеке сот орындаушының қызметінің төлем сомаларына салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

24-бап.

Республикалық Палатадағы мүшелік міндетті болып табылады.

Палата мүшелерін қабылдау, қабылдаудан бас тарту, ауыстыру және шығару туралы шешімді Палата Басқармасы мүшелерінің дауыс басымдығымен қабылдайды.

Палата Басқармасы міндетті құжаттар тізімі мен талаптарды қамтитын, мүшелерді Палатаға қабылдау, қабылдаудан бас тарту, ауыстыру және шығару ережелерін әзірлейді және бекітеді. 

 

25-бап.

Республикалық палата мүшелері құқылы:

-Палатаның, оның органдары мен лауазымды тұлғаларының қолдауын, кәсіби көмегі мен қорғауын пайдалануға;

-Палатаның басқару органдарына сайлауға және сайлануға;

-Палата органдарының, Палатаның жекелеген лауазымды тұлғаларының тікелей қызметіне қатысты мәселелерді Палата органдарының алдына қоюға;

-Палатаның, оның органдарының қызметімен байланысты мәселелер бойынша ұсыныстарды Съездге ұсынуға және шешімдерді талқылап, қабылдауға қатысуға;

-Палата органдарынан олардың қызметі туралы құжаттар мен материалдарды ұсынуды талап етуге;

-Палата жүргізетін барлық іс-шараларға қатысуға;

-Палатаның органдарынан «дәстемелік және ұйымдастырушылық көмек алуға, олардың қызметі туралы ақпарат пен басқа мәліметтерді, құжаттарды алуға;

-өз еркімен Палатаның құрамынан шығуға;

-Палата органдарының оның қызметін немесе іс-әрекетін тексерген және талқылаған барлық жағдайларға қатысуға;

-Палатаның Жарғысында айқындалған тәртіп пен шарттарда Палатаның мүлкін пайдалануға.

-Қазақстан Респуьбликасының қолданыстағы заңнамасында және осы Жарғыда қарастырылған басқа құқықтарды иеленуге.

 

26-бап.

Республикалық палатаның мүшелері міндетті:

-осы Жарғының талаптарын сақтауға;

-Съезд шешімі мен Палатаның басқа басқару органдарының шешімдерін орындауға;

-осы Жарғыда белгіленген тәртіпте кіру жарнасы мен мүшелік жарналарды төлеуге;

-өңірлік және Республикалық палатаның қызметіне жеке қатысуға;

-өзінің кәсіби біліктілігін үнемі арттыруға және кәсіби абырой Кодексін қатаң сақтауға;

-өзінің орналасқан мекенжайының өзгергені туралы аумақтық әділет органы мен өңірлік палатаға ақпарат беруге;

-тексеру жүргізуге өкілетті тұлғаларға атқарушылық өндіріске қатысты мәліметтер мен құжаттарды, сондай-ақ ақпаратты тексеруге қажетті басқа мәліметтерді беруге;

-өңірлік палатаға жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша тексеру жүргізуге қажетті материалдарды ұсынуға;

-тәртіптік өндіріс аясында оның қызметін немесе кәби іс—әрекетін тексеру және талқылау кезінде жеке өзі қатысуға;

-қазақстан Республикасының жеке сот орындаушыларының кәсіби Кодекс мен қолданыстағы заңнамасының талаптарын сақтауға;

-өңірлік және Республикалық палаталардың тапсырмаларын, сұрауларын, сондай-ақ жоспарлы іс-шараларын уақытылы әрі сапалы орындауға;

-қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес өзінің кәсіби қызметін жүзеге асыруға;

-атқарушылық өндіріс, архив пен баспа материалдарының сақталуын қамтамасыз етуге;

-Палата бекіткен бағдарламаларға сәйкес өз қызметін жүзеге асыруды бастағаннан кейін алты ай ішінде, кейін үш жылда бір рет атқарушылық өндіріс мәселелері бойынша Республикалық палата бекіткен кәсіби оқу, оның ішінде қашықтықтан оқу бойынша оқу орталығы мен білім беру ұйымдарында кәсіби оқудан өтуге;

-өкілетті орган бекіткен форма мен мерзімдерге сәйкес өз қызметі туралы уақытыл әрі нақты ақпарат беруге;

-Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері мен осы Жарғыда қарастырылған басқа міндеттерді орындауға.

 

27-бап.

Жеке сот орындаушы өз қызметі туралы ақпаратты ұсынады:

1) формасы мен мерзімін өкілетті орган бекітетін ақпаратты өңірлік жеке сот орындаушыларының палатасына және (немесе) оның аумақтық органына;

2) формасы мен мерзімін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы бекітетін ақпаратты құқықтық статистика және арнайы есептер жөніндегі өкілетті органға.

 

28-бап.

Жеке сот орындаушының ұзақ уақыт еңбекке қабілетсіздігі (үздіксіз бір айдан астам уақыт) жағдайында уақытша еңбекке жарамсыздық парағының негізінде Палата Басқармасы осы жағдайларға байланысты атқарушылық құжаттарды орындау бойынша қызметтерді жүзеге асырмайтын жеке сот орындаушысын өз шешімімен уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімінде мүшелік жарналарды төлеуден босатуға құқылы.

Егер Палата Басқармасына мүшелік жарнаны төлеуден босатылған жеке сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау бойынша өз қызметін жалғастырып жатқаны мәлім болса Палата Басқармасы шығарған шешімнің күші жойылады. Бұл жағдайда жеке сот орындаушы осы Жарғыда белгіленген тәртіпте төлемнен босатылған барлық мерзімге мүшелік жарна төлеуге міндетті.

 

29-бап.

Жүктілік және бала босану, бала 3 жасқа толғанға дейін күтім жасау кезеінде жазбаша өтінім негізінде мүшелік жарналарды төлеуден жеке сот орындаушылар босатылады.

 

30-бап.

Республикалық немесе өңірлік палаталарда, сондай-ақ Республикалық палата өзінің мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін құрған басқа заңды тұлғаларда сайланатын немесе тағайындалатын лауазымдарға сайланған немесе тағайындалған және Республикалық немесе өңірлік палаталарда, сондай-ақ Республикалық палата өзінің мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін құрған басқа заңды тұлғаларда өзінің лауазымдық міндеттерін атқарғаны үшін сыйақы алатын жеке сот орындаушылар мүшелік жарнаны төлеуден босатылады. Сыйақы Палатаның штаттық кестесіне сәйкес төленеді.

Мүшелік жарналарды төлеуден босатылған, сайламалы немесе тағайындалатын лауазымға сайланғаннан кейін немесе тағайындалғаннан кейін Республикалық немесе өңірлік палаталарда өзінің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде атқарушылық құжаттарды орындау бойынша қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ. Ол бұл туралы өкілетті органға хабар береді және жеке сот орындаушының лицензиясының қолданылуын тоқтатпай атқарушылық құжаттарды орындау қызметін жүзеге асырмауға құқылы. 

Республикалық немесе өңірлік палаталардағы өзінің лауазымдық міндеттерін және өкілеттіктерін орындау мерзімінде бұл үшін сыйақы алатын жеке сот орындаушы оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін қызметті атқаруға құқығы жоқ.

 

31-бап.

Республикалық палатадағы мүшелік келесі жағдайларда жеке сот орындаушының жазбаша өтінішінің негізінде Республикалық палата Басқармасының шешімімен тоқтатылады:

1) жүктілік және бала туу, бала 3 жасқа толғанға дейін демалыста болу;

2) алты айдан астам уақыт бойы ұзақ ауыру;

3) Республикалық палатаның атқарушы органдарына сайлану немесе Республикалық немесе өңірлік палаталарда ақы төленетін лауазымға тағайындалу;

4) өкілетті органның шешімімен белгіленген мерзімге қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке сот орындаушының лицензиясының қолданылуы тоқтатылған жағдайда.

Осы баптың 4-тармағының негізінде Республикалық палатадағы мүшеліктің тоқтатылуы жеке сот орындаушыны мүшелік жарналарды төлеуден босатпайды.

Атқарушылық құжаттарды орындау бойынша өз қызметін қайта қалпына келтірген жеке сот орындаушы бұл туралы жазбаша түрде Палата Басқармасы мен Өңірлік палатаға хабар беруге міндетті.

 

32-бап.

Жеке сот орындаушы Палатадан Палата Басқармасының шешімімен келесі жағдайларда шығарылады:

1) Палатаның Басқармасына берілген өтінім негізінде жеке сот орындаушының өз еркі бойынша;

2) жеке сот орындаушының лицензиясының қолданылуының тоқтатылуы;

3) жеке сот орындаушы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, жеке сот орындаушыларының кәсіби абыройының Кодексі мен осы Жарғының талаптарын өрескел немесе бірнеше мәрте бұзған жағдайда;

4) осы Жарғымен белгіленген тәртіпте міндетті мүшелік жарналарды жүйелі түрде төлемеген жағдайда (екі тоқсаннан аса);

5) ғылыми, оқытушылық немесе басқа шығармашылық қызметтен бөлек ақы төленетін басқа қызмет түрлерімен айналысу.

Палатадан шығарылған жеке сот орындаушы өзінің жеке архивін, куәлігін, мөрі мен мөртаңбасын өңірлік палатаға өткізуге, мүшелік жарналар мен басқа төлемдер бойынша берешегін төлеуге міндетті.

Палатадағы мүшеліктен шығарылған, бірақ жеке сот орындаушының қызметімен айналысу құқығына лицензиясының қолданылуы тоқтатылмаған жеке сот орындаушысы шығарылғаннан кейін алты ай өткеннен кейін Палатаға мүшелікке кіруге құқылы.  

 

33-бап.

Жеке сот орындаушы тоқсан сайын жеке сот орындаушыларының Съезді белгілеген мөлшерде міндетті мүшелік жарналарды ай сайын теңдей төлеммен есептік айдан кейінгі әр айдың 5 (бесінші) күніне дейін төлеуге міндетті.

Палата Басқармасы, өңірлік палаталардың басшылары жеке сот орындаушыларының кіру және міндетті мүшелік жарналарды төлеу тәртібін сақтауына қатаң бақылау жасайды.

 

4-ТАРАУ. МАРАПАТТАУ ШАРАЛАРЫ, ТӘРТІПТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК

 

34-бап.

Өзінің кәсіби міндеттерін адал атқарғаны үшін, атқарушылық құжаттарды орындау бойынша қызметті ұзақ, мінсіз атқарғаны үшін Палата келесідей марапаттау шараларын қабылдауға құқылы:

- алғыс хат;

- бағалы сыйлықпен марапаттау;

- Палатаның Құрмет грамотасымен марапаттау;

- Палата Президиумы бекітетін кәсіби ерекшелік және басқа марапат түрлерімен марапаттау.

Марапаттау Палата Басқармасының шешімімен жүзеге асырылады.

 

35-бап.

Қазақстан Республикасы заңнамасының, жеке сот орындаушыларының кәсіби абырой Кодексін және Палата жарғысының талаптарын бұзғаны үшін жеке сот орындаушыға келесідей тәртіптік жауапкершілік тағайындалады:

1) ескерту;

2) өкілетті органға жеке сот орындаушының лицензиясының тоқтатылуы туралы ұсыныс беру арқылы Палатадағы мүшеліктен шығару.

 

36-бап.

Тәртіптік өндіріс қозғау үшін жеке сот орындаушының Қазақстан Республикасы заңнамасының, жеке сот орындаушыларының кәсіби абырой Кодексінің және Палата Жарғысының талаптарында көрсетілген шарттарды бұзуы негіз болып табылады.

 

37-бап.

Тәртіптік істерді қарау тәртібі, тәртіптік жаза салу, алу Басқарманың ұсынысы бойынша Президиум бекіткен тәртіптік жауапкершілік туралы Ережемен реттеледі.  

 

38-бап.

Жеке сот орындаушының тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тек бір тәртіптік жаза тағайындалуы мүмкін.

Тәртіптік жаза тағайындалған күннен бастап алты ай ішінде жеке сот орындаушы жаңа тәртіптік жазаға тартылмаса ол тәртіптік жазаға тартылмаған болып саналады.

 

5-ТАРАУПАЛАТАНЫҢ БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫ.

 

39-бап.

Палатаның басқару органдары болып табылады:

- жоғары басқару органы – жеке сот орындаушыларының Съезді;

- басқару органы – Палата Президиумы;

- атқарушы орган – Палата Басқармасы;

- бақылаушы орган – Палатаның тексеру комиссиясы.

 

40-бап.

Палатаның жоғарғы органы жеке сот орындаушыларының Съезді болып табылады (әрі қарай осы Жарғының мәтіні бойынша - Съезд).

Съезд Палата қызметінің кез келген мәселелері бойынша шешім қабылдауға құқылы.

Съездің айрықша құзыретіне келесі мәселелер жатады:

1) коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарын қабылдау, оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу;

2) Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушысының кәсіби абырой Кодексін қабылдау, оған енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды бекіту;

3) президиум мүшелерін, Палатаның Тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелерін сайлау, босату;

4) атқарушы органдардың қаржы есептемесiн табыс етуiнiң тәртiбi мен мерзiмдiлiгiн, сондай-ақ бақылау органының тексеру жүргiзу тәртiбiн және олардың нәтижелерiн бекiтудi айқындау;

5) заң актiлерiнде белгiленген шекте коммерциялық емес ұйымның басқа заңды тұлғаларды, өз филиалдары мен өкiлдiктерiн құруы немесе олардың қызметiне қатысуы туралы шешiм қабылдау мәселелерi жатады;

6) коммерциялық емес ұйымды ерiктi түрде қайта ұйымдастыру және тарату;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген айлық есептік көрсеткіштің еселенген мөлшерінде есептелетін кіру, ай сайынғы мүшелік жарналар мен басқа төлемдердің мөлшерін бекіту;

8) коммерциялық емес ұйымның басқару органдарының құзыретiн, ұйымдық құрылымын, оларды құру және өкiлеттiктерiн тоқтату тәртiбiн айқындау.

 

41-бап.

Жеке сот орындаушыларының Съездін Палата Басқармасы жылына кемі бір рет шақырады.

Съезд әр екі жыл сайын Президиум мен Палатаның Тексеру комиссиясының мүшелерін сайлайды.

 

42-бап.

Өңірлік  палаталар Палата Съездінің шақырылғаны туралы ақпарат алғаннан кейін жеті жұмыс күнінің ішінде өңірлік палатаның жеке сот орындаушыларының Жалпы жиналысын өткізеді (әрі қарай осы Жарғының мәтіні бойынша – Жалпы жиналыс).

Жалпы жиналысқа аймақта атқарушылық құжаттарды орындау бойынша қызметті жүзеге асыратын жеке сот орындаушыларының кемі үштен екісі қатысса заңды деп саналады.

Жеке сот орындаушыларының шешімдері Жалпы жиналыста қарапайым дауыс басымдығымен қабылданады, өңірлік жиналыс хаттамасымен рәсімделеді және төраға, хатшы мен жалпы жиналысқа қатысқан жеке сот орындаушылары қол қояды.

Жалпы жиналыста өңірлік палатаның жеке сот орындаушылары  өз құрамынан Жалпы жиналыстың хаттамасымен рәсімделген өкілеттіктер берілген бір делегатты Палата Съездіне сол аймақтағы барлық жеке сот орындаушыларының құқықтары мен міндеттерін Палата Съездінде қорғау үшін сайлайды.

Жалпы жиналыста талқыланып, шешім қабылданған Съездің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша делегат өңірлік палатаның жеке сот орындаушыларының Жалпы жиналысының шешіміне сәйкес дауыс береді.

 

43-бап.

Жеке сот орындаушыларының кезектен тыс Съездін Палата Басқармасы шақырады немесе әр облыс, республикалық маңызы бар қала мен Қазақстан Республикасының астанасының жеке сот орындаушыларының жалпы санының кемі екіден бірінің талабы бойынша шақырылады.

Кезектен тыс Съезді шақыру туралы өтініш уәжді болуы керек және кейінге қалдырмай қарауды талап ететін, Съездің құзыретіне жатқызылған мәселелерді қамтуы тиіс.

Өтініште кезектен тыс Съездің болжамды уақыты мен өткізілетін жері, оның күн тәртібіне енгізілген мәселелер тізімі, кезектен тыс Съезді өткізетін бастамасы туралы деректер (кезектен тыс Съезді жеке сот орындаушылары шақырған жағдщайда өтініште жеке сот орындаушының деректері көрсетіледі, өтінішке жеке сот орындаушы қол қойып, мөрімен бекітуі тиіс) көрсетіледі.

 

44-бап. 

Кезектен тыс Съезді шақыру туралы өтініш түскеннен кейін Палата Басқармасы кезектен тыс Съезді өткізу туралы өтініш түскен сәттен бастап он бес күннен кейін және күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей өткізеді.

Палата Басқармасы өзінің шешімінде кезектен тыс Съездің өткізілетін орны мен уақытын, сондай-ақ оның күн тәртібіне енгізілген мәселелердің тізімін бекітеді.

 

45-бап.

Съезді шақыру туралы шешім қабылдағаннан кейін Палата Басқармасы өңірлік палаталарға Съезд өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей Съезді шақыру туралы ақпаратты жолдайды.

 

46-бап.

Съездің жұмысына әр облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және Қазақстан Республикасының астанасынан келген делегаттардың жалпы санының кемі үштен екісі қатысса Съезд шешімдер қабылдауға құқылы.

Егер Съездке қатысқан делегаттардың көпшілігі дауыс берсе Съезд шешімі қабылданды деп саналады.

 

6-ТАРАУ. ПАЛАТА ПРЕЗИДИУМЫ

 

47-бап.

Палата Президиумы Палатаның басқару органы болып табылады.

Палата Президиумының құрамына әр өңірлік палатадан бір жеке сот орындаушысы, сондай-ақ өкілетті органның үш өкілі кіреді. Съездің Президиум мүшелерін өкілетті органнан босату және таңдау құзыреті қолданылмайды.

Президиум мүшелерін Съезд Палатада мүшелікте кемі екі жыл болған, өңірлік жеке сот орындаушыларының жалпы жиналыстарында таңдалған, жұмыс істеп жүрген жеке сот орындаушыларының қатарынан сайланады. Палата Президиумының мүшесі өз өкілеттіктерін ақысыз негізде атқарады.

Палата Президиумы өз мүшелерінің қатарынан Президиум Төрағасын сайлайды, Басқарма Төрағасы Президиум хатшысы болып табылады.  

Төраға немесе Палата Президиумының мүшелері жүктелген міндеттерін тиісінше орындамаған кезде Палата Басқармасы оларды қайта сайлау үшін кезектен тыс Съезд шақыруға бастамашы болуға құқылы.

Палата Президиумының мүшесі отырысқа екі реттен көп қатыспаған жағдайда Палата Президиумы оны қайта сайлау туралы мәселені көтеруге құқылы. Мұндай жағдайларда Президиум өз қызметін жалғастырады. Президиумның аталған мүшесін қайта сайлау кезекті Съезде қаралуы тиіс.

Палата Президиумының отырыстарын Президиум Төрағасы қажеттігіне қарай, бірақ жылына кемі бір рет шақырады.

Палата Басқармасы Палата қызметінің мәселелері бойынша шешім қабылдау үшін Палата Президиумының кезектен тыс отырысын шақыруға құқылы.

Егер отырысқа Палата Президиумының мүшелерінің кемі үштен екісі қатысса отырыс заңды деп саналады. Жеке сот орындаушы ретінде қызметі тоқтатылған жағдайда, уақытша еңбекке жарамсыздық жағдайында, Президиум мүшесі өкілеттіктерін тапсыру туралы өтінім берген жағдайда немесе еңбек демалысында болған жағдайда Президиум отырысының кворумы Палата Президиумының жұмыс істейтін мүшелерінің санына қарай анықталады.

Палата Президиумы отырысқа қатысқан Палата Президиумы мүшелерінің қарапайым ашық дауыс басымдығымен шешім қабылдайды.

Дауыстар тең болған жағдайда Президиум Төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

        

48-бап.

Президиум құзыретіне жатады:

1) Президиум Төрағасын сайлау және босату;

2) Басқарма Төрағасын сайлау және босату;

3) Басқарма Төрағасының ұсынысы бойынша Басқарма мүшелерін бекіту;

4) Палатаның жылдық бюджетін бекіту;

5) Басқарманың Палата қызметі туралы жылдық есепті тыңдау;

6) Палата қызметінің басым бағыттарын анықтау;

7) Палата Президиумының мүшесінің өз аймағындағы жеке сот орындаушыларының мәселелерін тоқсан сайын жалпылауы, Палата Басқармасының назарына жеткізу және қабылданған шаралар туралы аймақтағы жеке сот орындаушыларына міндетті түрде хабар беріп, оларды шешуге тікелей қатысу;

8) жеке сот орындаушыларының кәсіби деңгейін арттыруға көмектесу;

9) Палата Президиумының жұмыс регламентін бекіту;

10) жеке сот орындаушыларын, өңірлік палаталарды марапаттау және көтермелеу негіздері мен тәртібін анықтау (алғыс хат, құрмет грамотасы және басқа кәсіби ерекшелену белгілері), заңмен белгіленген тәртіпте мемлекеттік наградаларға және заң саласындағы құрметті атаққа ұсыну  туралы өтініш береді;

11) Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушыларының тәртіптік жауапкершілігі туралы Ережені бекіту, оған өзгертулер мен толықтырулар енгізу;

12) Палатаның символикасын бекіту;

13) осы Жарғыда қарастырылған басқа функцияларды жүзеге асыру.

        

 

7-ТАРАУ. ПАЛАТА БАСҚАРМАСЫ, ПАЛАТА БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

 

49-бап.

Палата Съездінің шешімдерін орындау бойынша Палатаның қызметін ұйымдастыру үшін, сондай-ақ осы Жарғыда қарастырылған функцияларды орындау үшін Палатаның тұрақты жұмыс істейтін алқалық атқару органы – Палата Басқармасы бекітіліп, оның қызметіне Басқарма Төрағасы жетекшілік жасайды.

Палата Басқармасы Төрағадан және Палата Басқармасының төрт мүшесінен тұрады.

Төраға мен Басқарма мүшелерінің өкілеттіктерінің мерзімі екі жлыды құрайды.

Басқарма Төрағасы болып отыз жастан асқан және Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес зейнетке шығатын жастан аспаған, атқарушылық өндіріс саласында кемі екі жылдық жұмыс өтілі бар, басшылық лауазымда кемі бес жылдық жұмыс өтілі бар, жеке атқарушылық институтының дамуына белгілі бір үлес қосқан жеке сот орындаушысы сайланады.

Бір тұлға Басқарма Төрағасының лауазымына екі мерзімнен артық сайлана алмайды.

Басқарма Төрағасының қызметі Палатаның штаттық кестесіне сәйкес ақысыз негізде жүзеге асырылады.

Басқарма Төрағасы өз өкілеттіктері мерзімінде оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін қызметті атқаруға құқығы жоқ.

Басқарма Төрағасының лауазымында болған кезде тұлға осы Жарғының 31-бабының 3-тармағына сәйкес жеке сот орындаушысы ретінде өз қызметін тоқтатады.

 

50-бап.

Палатаның Басқармасы:

- Съезд пен Палата Президиумының шешімдерін орындауды ұйымдастырады;

- осы Жарғыда қарастырылған тәртіпте Съезд пен Палата Президиумын шақыру туралы шешім қабылдайды, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының осы Жарғыда қарастырылған тәртіпте кезектен тыс съезд өткізу туралы өтініштерінің орындалуын қамтамасыз етеді.

- Палата қызметін дамыту бағдарламаларын әзірлейді;

- өңірлік палаталардың қызметін үйлестіреді;

- мемлекеттік билік органдарында, жергілікті өзін өзі басқару органдарында, қоғамдық бірлестіктер мен кез келген ұйымдастыру-құқықтық формадағы басқа ұйымдарда, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда Палатаның атынан өкілдік етеді;

- заңнамалық, атқарушы және сот билігі органдарында Палатаның өкілдерін тағайындайды (сәйкес органмен келісім бойынша);

- өңірлік палата басшысының лауазымына кандидатураларды қарастырады және тағайында үшін Басқарма Төрағасына ұсынады. Бұл арада Басқарма атқарушылық өндіріс саласындағы жұмыс өтілін, басшылық қызметтегі жұмыс өтілін, жеке орындаушылық институтын дамытуға қосқан үлесін, іскерлік беделін, тәртіптік жазаларының жоқтығын, марапаттары мен ұсыныс хаттарды ескереді.  

- Палата Съездінің шешімдеріне сәйкес Палатаның мүлкін жарату бойынша шешімдер қабылдайды;

- жеке сот орындаушыларының өңірлік палатаның шешімдеріне жасаған шағымдарын қарастырады;

- Палатаның тәртіптік тәжірибесін жалпылайды және осыған байланысты қажетті іс-шаралар мен ұсыныстарды әзірлейді;

- талдамалық және әдістемелік қызметті жүзеге асырады;

- өкілетті органның, басқа мемлекеттік органдардың жеке орындаушылық қызметпен байланысты атқарушылық өндірісі мәселелері бойынша норма шығару және сараптамалық қызметіне қатысады;

- Палатаның штаттық кестесін бекітеді;

- Қазақстан Республикасының аумағында таралатын ведомстволық сайт пен БАҚ-қа Палатаның қаржылық-шаруашылық қызметі туралы тоқсан сайынғы ақпаратты ұсынады.

- Палата қызметін дамыту бағдарламаларын әзірлейді және оларды бекіту үшін Палата Съездіне ұсынады;

- Палатаның комиссияларын құрады және олардың қызметінің бірыңғай принциптері мен критерийлерін қалыптастырады;

- жеке сот орындаушыларының, көмекшілер мен тағылымдамадан өтушілердің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыру бойынша іс-шараларды ұйымдастырады;

- Республикалық деңгейде шешім қабылдауды талап ететін немесе сот актілерін орындау саласында өкідетті органмен келісуді талап ететін, жеке сот орындаушылары мен өңірлік палаталар қызметінің ұйымдастыру мәселелерін шешеді;

- өкілетті органның атқарушылық құжаттарын, бұйрықтарын, ұсыныстары мен сұрауларын орындау саласында өкілетті органмен өзара байланыс орнатады;

- Палатаның құқықтық актілерін орнатады;

- міндетті құжаттар тізімі мен талаптарын қамтитын, Палата мүшелерін қабылдау, қабылдаудан бас тарту, ауыстыру және мүшеліктен шығару Ережелерін бекітеді;

- жеке сот орындаушыларын Палатадан шығару туралы шешім қабылдайды;

- Төраға осы Жарғыда қарастырылған міндеттерін уақытқа орындай алмайтын жағдайда Басқарма Төрағасының міндеттерін Басқарма Төрағасының орынбасарына немесе Басқарма мүшесіне жүктеу туралы шешім қабылдайды;

- облыстар, аудандар, республикалық маңызы бар қалалар, астаналар аумағындағы жеке сот орындаушыларының санын анықтайды және бөледі;

- жеке сот орындаушылары мен олардың көмекшілерін кәсіби оқыту, оның ішінде қашықтықтан оқтыу бойынша білім беру ұйымдары мен оқу орталықтарын анықтайды;

- тыйым салынған мүлікті өткізу бойынша бірыңғай электронды сауда алаңын ұйымдастырады;

- Съезд пен Палата Президиумының тапсырмасы бойынша басқа мәселелерді шешеді;

- Төрағаның немесе Басқарма мүшесінің жүктелген міндеттерді тиісінше орындамауы оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуға алып келеді.

 

51-бап.

Басқарманың Төрағасы Палата Президиумы шешім қабылдаған сәттен бастап өз өкілеттіктерін орындауға кіріседі және өкілеттіктер мерзімі аяқталған сәттен бастап немесе Палата Президиумы өкілеттіктерді мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдаған сәттен бастап оларды орындауды тоқтатады.

Палата Төрағасының өкілеттіктерін орындау келесі жағдайларда мерзімінен бұрын тоқтатылады:

1) ол қайтыс болған жағдайда, денсаулығына байланысты өз өкілеттіктрін жүзеге асыруға шамасы жетпеген жағдайда;

2) өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда;

3) өкілеттіктерін асыра пайдалану, лауазымдық дәрежесін асына пайдалану;

4) өз өкілеттіктерін орындаудан ерікті түрде бас тартқан жағдайда.

Басқарма Төрағасы өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатқан кезде Палата Басқармасы он жұмыс күнінен кешіктірмей осы Жарғыда қарастырылған тәртіпте Басқарманың жаңа Төрағасын сайлауға дайындық жүргізіп, ұйымдастырады.

Басқарма Төрағасы қызметтік міндеттерін тиісінше атқармаған жағдайда, өкілеттіктерін асыра пайдаланғанда, лауазымдық дәрежесін асыра пайдаланғанда әр облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, Қазақстан Республикасы астанасының жеке сот орындаушыларының екіден бірінің жазбаша талабы бойынша Палата Президиумы жағдай орын алған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей Басқарма Төрағасының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені қарайды.

Басқарма Төрағасы өкілеттіктерін мерзімінен бұрын босатқан жағдайда оның міндеттерін уақытша Палата Басқармасының шешімімен бекітілген Басқарма төрағасының орынбасары атқарады.

 

52-бап.

Басқарма Төрағасы:

- Президиум Съездінің және Палата Басқармасының шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді және бақылайды;

- Палатаның ағымдық жұмысын ұйымдастырады және басшылық жасайды, Басқарманың отырыстарына төрағалық етеді және Палата Президиумының отырыстарына қатысады;

- мемлекеттік билік және басқару органдарымен, сот органдарымен, мемлекеттік емес ұйымдармен және халықаралық ұйымдармен қатынаста сенімхатсыз Палатаның атынан жұмыс істейді;

- Палата Басқармасының отырыстарына дайындық жасап, өткізеді;

- Республикалық және өңірлік палаталардың қызметкерлерін жұмысқа қабылдап, жұмыстан босатады, олардың қызметін үйлестіреді;

- Басқарма шешімінің негізінде сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Қазақстан Республикасының астанасының жеке сот орындаушылары ұсынған кандидаттар қатарынан өңірлік палаталардың басшыларын тағайындайды. Отыз жасқа толмаған, ҚР зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес зейнетке шығатын жастас асқан, жеке сот орындаушысының қызметімен айналысуға берілген мемлекеттік лицензиясы тоқтатылған немесе белгіленген тәртіпте қысқартылған, берешек болмаған жағдайда мерзімді төлемдерді өндіру туралы атқарушылық өндіріс бойынша қарызгер олып табылатын тұлғалардан басқа атқарушылық өндіріс бойынша қарызгер болып табылатын жеке сот орындаушысы өңірлік палатаның басшысы болып тағайындалмайды. Кандидаттар болмаған жағдайда өңірлік палатаның басшысы Басқарма Төрағасының бұйрығымен тағайындалады. Өңірлік палата басшысының өкілеттіктерінің мерзімі екі жылды құрайды. Бір тұлға өңірлік палата басшысының лауащымын екі реттен артық атқара алмайды;

- Палатаның қаржылық-шаруашылық қызметіне бақылау жасайды, Палатаның барлық қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтар, өкімдер мен нұсқалуар береді;

- Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы мен осы Жарғыда белгіленген өкілеттіктерді жүзеге асыру мәселелері бойынша Палатаның төрағалығына сенімхат береді;

- Палатаның атынан азаматтық-құқықтық келісімдер жасайды және Палатаның қаражатын жаратады.

- осы Жарғыға сәйкес басқа өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

8-ТАРАУПАЛАТАНЫҢ ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫ

 

53-бап.

Қаржылық-шаруашылық қызметке және Палатадағы аталған қызметті регламенттейтін Съезд пен Палата Президиумының шешімдерінің орындалуын бақылау үшін осы Жарғыға сәйкес жеке сот орындаушыларының қатарынан Палатаның үш мүшеден тұратын Тексеру комиссиясы сайланады.

 

54-бап.

Палатаның Тексеру комиссиясының Төрағасы мен мүшелерін Палата Съезді осы Жарғыда қарастырылған тәртіпте екі жылға сайлайды.

Тексеру комиссиясының құрамына мүшелер әр облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Қазақстан Республикасының астанасының жеке сот орындаушыларының Жалпы жиналысында осы Жарғыда қарастырылған тәртіпте іріктеледі.

 

55-бап.

Тексеру комиссиясы есептік кезеңнің соңғы айынан кейінгі айда бір жылғы қызмет қорытындысы бойынша Палатаның қаржылық-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізеді.

Тексеру комиссиясы жеке сот орындаушыларының Съездінің, Басқарманың және Басқарма Төрағасының шешімі бойынша тексеру жүргізуге құқылы.

Тексерулер жүргізген кезде Палатаның Тексеру комиссиясы Республикалық палатаның бухгалтерлері мен қаржы және аудит саласындағы басқа мамандарды тартуға құқылы.

Палатаның Тексеру комиссиясының талабы бойынша Палатаның қызметкерлері Палатаның Тексеру комиссиясының төрағасына Палатаның қаржылық-шаруашылық қызметі туралы құжаттарды ұсынуға міндетті.

 

56-бап.

Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша Палатаның Тексеру комиссиясы ак жасап, оған Тексеру комиссиясының барлық мүшелері қол қойып, Басқарма мен Басқарманың Төрағасына ұсынылады.

Өз қызметінің қорытындысы туралы Палатаның Тексеру комиссиясы Палата Съездінің алдында есеп береді.

 

9-ТАРАУ. ПАЛАТАНЫҢ МҮЛКІ

 

57-бап. 

Палатаның меншігі заңнамамен белгіленген тәртіпте оның бухгалтерлік балансындағы негізгі қаражатты, материалдық емес активтерді, теңгемен және шетел валютасымен сақталған ақша қаражатын, құнды қағаздарды және басқа жылжымалы және жылжымайтын мүлікті қамтиды.   

Палатаның мүлкі келесілердің есебінен құралады:

- жеке сот орындаушыларының міндетті жарналары;

- гранттар, қайырымдылық көмек, қолданыстағы заңнамамен белгіленген тәртіпте жеке және заңды тұлғалардың қайырымдылықтары;

- ұйымның дәрістерді, курстарды, семинарлық сабақтарды өткізуден алған ақша қаражаты;

- тағылымдамадан өтушілер салған ақша қаражаты,

- заңнамада тыйым салынбаған басқа қызметтен түскен кірістер;

- сондай-ақ қарыз қаражатының есебінен;

- заңмен белгіленген тәртіпте сатып алынған немесе алынған басқа мүлік;

- сот және басқа актілерді  орындауды қамтамасыз ету бойынша жеке сот орындаушыларына қызмет көрсетумен (тыйым салынған мүлікті сақтауды, тасымалдауды, бағалауды және өткізуді ұйымдастыру) байланысты кірістер есебінен.

Палатаның жылжымайтын мүлкін кепілге беру, сату Басқарманың шешімі бойынша жүзеге асырылады.

Жылжымайтын мүлікті сатып алу немесе жалға алу, сондай-ақ Палатаның күнделікті қызметін қамтамасыз етуге қажетті тауарлар мен қызметтерді қоспағанда басқа мүлікті сатып алу Басқарманың шешімі бойынша жүзеге асырылады.

 

58-бап.

Палата қолданыстағы заңнамаға және осы Жарғыда белгіленген тәртіпте өзінің қызметі мен әлеуметтік дамуына қажетті қорларды құруға құқылы.

Палата меншік иесі бола тұрып, осы Жарғыда белгіленген тәртіпте және Палата Съездінің шешімдерін басшылыққа ала отырып, өзіне тиесілі барлық мүлікке иелік етеді, пайдаланады және жаратады.  

 

59-бап.

Жеке сот орындаушы кез келген негіз бойынша Палатадағы мүшеліктен шыққан жағдайда жеке сот орындаушыға Палата мүлкінің ешқандай үлесі (үлестің бөлігі) төленбейді және қандай да бір өзара есеп айырысулар жүргізілмейді.

 

10-ТАРАУ. ПАЛАТАНЫ ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ТАРАТУ

 

60-бап.

Палатаны қайта ұйымдастыру немесе тарату жеке сот орындаушыларының Съездінің немесе Палата Басқармасының шешімі бойынша ерікті түрде, қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіпте немесе соттың шешімі бойынша мәжбүрлі түрде жүзеге асырылады.

Палатаны қайта ұйымдастырған кезде барлық құқықтар мен міндеттер қайтадан құрылған, Палатаның құық қабылдаушысы болып табылатын заңды тұлғаға ауысады.

Палатаны таратқан жағдайда жеке сот орындаушыларының Съезді тарату комиссиясын құрады.

Мүлік, ақша қаражаты, сондай-ақ Палатаның қорлары кредиторлармен толықтай есептескеннен кейін таратылған ұйымның мақсаттарын немесе соған жақын мақсаттарды көздейтін коммерциялық емес ұйымға берілуі мүмкін.

 

11-ТАРАУ.  ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

61-бап.

Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы «Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы» ассоциациясы формасында заңды тұлғалар бірлестігін қайта құру арқылы құрылған.

Қайта ұйымдастырылған «Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы» ассоциациясының формасында заңды тұлғалардың бірлестігінің құқықтары мен міндеттері беру актісінің негізінде қайта құрылған жеке сот орындаушыларының республикалық палатасына ауысады.  

 

62-бап.

Әр облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Қазақстан Республикасының астанасының аумағында Палата филиалының құқығындағы бір жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы құрылады.

Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен және Палата Съезді бекіткен филиал туралы Ережемен реттеледі.

Осы Жарғы жеке сот орындаушыларының көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілерге қолданылады.

Палата қолданыстағы заңнаманың аясында Палатаның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатады, тікелей байланыс орнатады, сәйкес келісімдер жасайды.

Палата сәйкес бюджетті басшылыққа ала отырып, сот актілері мен басқа актілерді орындау мәселелері бойынша семинарлар, халықаралық конференциялар ұйымдастыруға және өткізуге қатысады, халықаралық ұйымдар өткізетін іс-шараларға қатысады.