Фемида жауынгерлері: сот орындаушысының бір күні

AIQYN,  11 маусым, 2021 

Қазақстан – құқықтық мемлекет. Бұл тәуелсіздік таңында таңдап алған әлеуметтік, экономикалық және саяси өркендеу жолындағы демократиялық бағытымыз. Азаматтардың тең құқылығына Конституциямызда кепілдік берілген. Еліміздегі экономикалық дау-дамайлар мен әлеуметтік кикілжіңдер сот төрелігі арқылы жүзеге асырылады. Ал сот жүйесі - әділеттілікті қамтамасыз етуші ең жоғарғы инстанция. Ендеше, осы Фемиданың таразысына түскен істерді орындайтын, сот шешімін жүзеге асыратын кімдер? Олар – сот орындаушылары. Ажырасқандардан алимент, араздасқандардан қарыз өндіру – сот орындаушыларының ең бірінші міндеті. Осы міндет жолында олар барлық заңды шараларды қолданады. Бастапқыда ауызша ескертіп, кейіннен шоттарын бұғаттап, нотариус қызметін жүгіне алмайтын, шетелге ұшып шыға алмайтын еткен соң, амал жоқ екінші кезек – мүлкін тәркілеуге кіріседі. Бұл процедуралардың бәрі борышкерге қатты тиетіні рас. Соның барысында түрлі кикілжіңдер де, өкпе-реніш те болып жатады. Оларды жақтырмай, сыртынан неше түрлі ғайбат айтатындар көп. Мұның бәріне жүйкесі темірдей адамдар ғана шыдаса керек. Ендеше, сот орындаушылары дегеніміз, сот төрелігі жолындағы ең моральдық ауыр да эмоциональды лас жұмысты атқаратын алғы шептегі сарбаздар. Мемлекеттің құқықтық авангардының халықпен тікелей жұмыс істейтін жасақтары. Заң үстемдігін көздеген әділет майданының сақшылары. Бір сөзбен айтқанда, сот төрелігінің әділ шешімін орындаушы, әрі сол әділеттілікті орнатушы Фемида жауынгерлері!

 

Жұмыстарының қыр-сырымен танысу мақсатында репортаж дайындауға келіскеннен кейін жеке сот орындаушылары Аяулым мен Мейрамды таң ертеңгісін Жоғарғы соттың алдында жолықтырдық. Қос әріптес қызмет бабымен сирек келіп тұратын Жоғарғы сотта кездескендеріне таңданулы. Өйткені, екеуі де бізге «таңертең сонда боламыз» деп хабарлаған. Содан, «бәлкім, жұмыс орны шығар», деп те ойлап қойғанбыз. Сөйтсек, сот орындаушыларының жұмыс сипаты - әр қайсысы жеке-жеке кеңсе жалдап отырады екен. Палатадағы жиналыстар болмаса, бір бірімен күнделікті көп кездесе бермейді. Бүгінгі таңданыстарындағы бір гәп осы болды. Ал кеңсе – олардың міндетті атрибуттары. Өйткені, іздеп келетін жұрт көп.

 

«Жұмысымыз көп ретте түске дейін кабинетте өтеді. Таң ертең келіп бірінші кезекте жаңадан іс түспеді ме деп базаны тексереміз, борышкерлердің қарызын аударғандары бар ма деп интернет-банкингті қараймыз. Өйткені атқару құжаты осы біріншісінен басталып, екіншісімен аяқталады. Одан бөлек, келімді-кетімді адамдар көп. Бірі жылап келеді, бірі ашуланып келеді. Түрлі адамның әралуан жағдайын тыңдап, сабырға шақырып, ақылымызды айтамыз. Оның сыртында телефонмен хабарласатындар да өте көп. Соларға тегін консультациялар береміз. Сол екі арада құжаттарымызды да реттеп, папкаға тігіп үлгереміз. Былайша айтқанда, бір минут та бос уақытымыз бола бермейді», – дейді жеке сот орындаушысы Аяулым Манабаева.

 

Біздің бірге жүреміз ғой деген жоспарымыз болмады. Аяулымның кеңсеге оралуы, Мейрам кезекті бір мекен жайға баруы керек екен. «Қыздың жолы - жіңішке» демекші, бірінші Аяулымның кеңсесіне баратын болып келістік.

 

Сот орындаушылары көп ретте түстен кейін мекенжайларды аралап шығады екен. Бірақ борышкерлердің 70%-ы көрсетілген мекенжай бойынша тұрмайтын көрінеді. Заңды тұлғалар да, жеке тұлғаларда уақытша тіркелген болып шығады. Ондай жағдайда мекенжай фотоға түсіріліп, акт жасалады. Соның негізінде оларға іздеу жариялау үшін прокуратураға ұсыныс беріледі. Олар жеке тұлғаның өзіне, заңды тұлғаның директорына немесе құрылтайшысына іздеу салу туралы қаулы шығарады. Ол қаулы көші-қон полициясына барып түседі. Ал бұл уақытта өндірістегі атқару құжаты уақытша тоқтатылып тұрады екен де, адам табылған кезде қайта жанданады.

 

«Мекенжайға барғанда борышкер сол жерде бар болса, іспен таныстырамыз. Қағаздарды беріп, өзімізде қалатын нұсқасына қол қойдырып аламыз. Әуелі екі ай – ауызша ескертеміз. Мысалы, қасақана төлемейтін адамдар болады. Ондай жағдайда біз жылжымалы мүліктерінен бастап тәркілейміз. Телефоннан бастап, телевизор, автокөлік деген секілді. Оны саудаға шығарып сатып, сөйтіп қарыздарын жабамыз. Былтырдың өзінде менде салық қарызын төлемегені үшін 3 машина аукцион бойынша сатылып кетті. Ал тағы 4 машинаны борышкерлердің өздері сатып, қарыздарын жапты. Қарызы тым көп адамдардың пәтерін тәркілеуге тура келіп жатады. Біздің жұмыстағы ең қиыны да осы», – дейді жеке сот орындаушы Мейрам Әбдіков.

 

Жоғарғы сот алдындағы қысқаша кездесуде қос сот орындаушының телефондарына тыным жоқ екендігін байқадық. Арасында біздің өтінішіміз бойынша борышкерлерді репортажға суретке түсуге шақырады. Бірақ, әзірге ешкім суретке түсуге келіспеді. Мейрам, егер келісіп жатқандары болса, хабарын беретінін айтып қоштасты. Біз Аяулымның кеңсесіне тарттық.

 

Кенесары көшесінде орналасқан Аяулымның кеңсесі еңселі екен. Ішінде жұмысқа керектің бәрі бар. Бір күнде орташа есеппен 20 құжат түсетіндіктен, қасына көмекші жалдаған. Өзі іште жоқ болғанда келімді-кетімді адамдарды сол тіркеп алады. Бүгін ертемен екі борышкер келіп реквизиттер алып кетіпті. Үшіншісі сот орындаушының өзі керек деп күтіп отыр екен. Суретке түсуге келісім бергенімен, өзін таныстырудан бас тартты. Ол туралы тек қасақана төлемей жүргендігін білдік. Сот шешімі көбіне сот орындаушы тарапынан мәжбүрлі шаралар қолданған кезде ғана орындалады екен. Мысалы, автокөліктерін алып, айып автотұрағына қойған кезде ғана адамдар қарыздарын жауып жатады.

 

«Біздің адамдарда сондай менталитет бар. Ескерту берген кезіңде елемей жүреді де, мәжбүрлі шараға келген кезде қозғалып, жүгіребастайды. Заң бойынша біз әуелі ескерту-хабарлама береміз. Ол SMS түрінде болады көбіне. Өйткені, базада оның барлық мәліметтері тұрады. Сол кезде олар көбіне бізге телефон соғып хабарласады. Оларға сол кезде барлығын түсіндіріп айтамыз. Үш ай күтеміз. Кейбір жауапты адамдар мәжбүрлі шараға жеткізбей төлеп тастайды. Ал төлемегендеріне аталған мерзім өткен кезде есеп-шоттары, мүліктері болса соларды бұғаттап, Қазақстаннан шығуына, қандай да бір мәмлелер жасауына шектеу қоямыз. Мұның бәрі бізде компьютер арқылы, бір түймені басумен ғана жасалады», – дейді Аяулым Сәкенқызы.

 

Аяулымның көмекшісі бұрын 8 жыл сот орындаушысы болып істеген, бүгінде декреттік демалысқа дайындалып жүрген соң жеңіл жұмысқа ауысқан екен. Сондықтан да қызметін бастағанына 2 жыл болған «бастығының» қасында тәжірибесі мол. Көмектесіп қана емес, кейбір тұста үйретіп те отырады.

«Қарыздар мемлекеттік және жеке болып бөлінеді. Соның ішінде мемлекетке байланысты істер көбіне кабинетте бітеді. Өйткені, онда біріншіден сома кішкентай, яки, айлық есептік көрсеткішке байланысты. Екіншіден борышкер өз айыбын біліп тұрады, оны төлеп тастауға мүдделі болып тұрады. Өйткені, жеке тұлға болсын, заңды тұлға болсын шоттарын бұғаттағанды қаламайды. Оларды тез бітірсек, біздің басқа қарыздармен айналысуға уақытымызды босайды. Ал жекеменшік сектордағы қарыздар оңайшылықпен өндірілмейді. Соның ішінде ең қиыны – алимент. Жұмысымыздың 60%-ы осындай істерден тұрады. Сондай-ақ, соңғы уақыттары алаяқтық деректері көбейіп барады. Соның ішінде ең жиі болып тұратын түрі – жиһаз жасап беремін деп алдау. Алдын ала ақшаларын алып, қашып кетеді екен. Бір борышкердің басында бірнеше атқару өндірісі болады. Ондай материал келіп тұрғанда біз борышкердің атында ештеңе жоқ екенін білеміз. Өйткені ол соған дайындалып барады. Алдын ала атындағы мүлкін, есеп-шотын жоқ қылып отырады. Біз ондайда көп ешқандай шара қолдана алмаймыз. Тек бізге жұмысымызға артық жұмыс қосылады. Ашылмаған соң жұмыс көрсеткішімізге де әсер етеді. Ал жалпы қай істі де келіп түскен кезден-ақ бір қарап шыққанда қалай аяқталатынын біліп отырамыз», – дейді сот орындаушысының көмекшісі.

 

Осы сәтте бір борышкердің келіскенін айтып, Мейрам хабарласты. Қыздармен қоштасып, «Целинный» шағын ауданына беттедік.

 

Өзін Василий деп таныстырған жігіт елордадағы А.Бараев көшесіндегі қалалық зираттың жанындағы көпқабатты үйдің астында орналасқан дүкеннің иесі екен. Әуелгіде кәсіпті бірге бастаған серіктесімен келіспей қалып, бизнесті бөлгенде 8 миллион теңге қарыз болып қалған. Сөйтіп араздасып қалған достар сотта кездесіпті. Енді бүгінде сылбыр да болса жүріп жатқан саудадан борышын жауып отыр.

 

«Борышкерлердің түрі болады. Бұл жігіт - азамат жігіт. Сот уақытында есеп-шоты бұғатталып шығынға батып қалыпты. Енді ісі бізге келген соң кәсібі қайта жанданды. Жағдайына түсіністікпен қарап, қарызын бөліп төлеуге мүмкіндік беріп отырмыз. Болмаса, бұдан да үлкен сомаларды жапқанбыз. Мәселен, мен өндіріп алған ең үлкен сома – 230 миллион теңге. Ол іс бойынша отыз шақты сот процессі болды. Екі рет Жоғары сотқа дейін бардық. Өйткені, олар менің әрекеттеріме шағым түсірді. Сонда да болса екі жылдың көлемінде олардың қарыздарын өндіріп болдым. Үлкен табандылықпен, төзімділікпен жұмыс істеуге тура келді. Бұл екі заңды тұлғаның арасындағы іс болатын. Екеуі де құрылыс саласында жұмыс істейтін, соның ішінде жол жөндейтін шетелдік фирмалар еді. Қарызды өндіру үшін 80 автокөлікті тәркілеп, оның 40-ын саттық. Соның арқасында бұл атқарушылық құжат орындалды», – дейді Мейрам Әбдіков.

 

Сот орындаушысының тәжірибесіндегі ең үлкен сома осы болса, ең ұзақ қаралған іс 2014 жылдан орындалмай келе жатқан сот шешімі екен. Оған дейін 4-5 сот орындаушысының қолынан өткен істі палата басшылығы Мейрамға тапсырғанда үлкен үміт білдірген.

 

«Негізі бір атқару құжатының орындалу мерзімі 2-4 ай. Әрі кетсе 1 жыл ұстаймыз. Сосын «өндіріп алу мүмкіндігі болмағандықтан» деп көрсетіп қайтарамыз. Зардап шегуші жаққа да ескертеміз. Қайтадан қуынғыңыз келсе 3 жылдың ішінде арыз беріңіз деп. Болмаса оны қарау мерзімі өтіп кетеді. Ал жалпы ешқашан да үміт үзбеу керек. Менің практикамда 4-5 жылдап орындалмай келе жатқан іс болды. Соны біз жақында жаптық. Өйткені, қатты қысып жіберуге тура келді. Оны борышкердің өзі де түсінді. Шетелге шыға алмайды, нотариусқа бара алмайды, есеп-шоты бұғаттаулы, қайда барса осы іс алдынан шыға беретін болған соң, қарызды жабуға шешім қабылдады. Оның да сомасы 8 миллион теңге болатын», – дейді сот орындаушысы.

 

Сот орындаушымен одан соң тағы да екі-үш мекенжайға соқтық. Борышкерлердің басым көпшілігі суретке түспек түгіл өздері туралы қандай да бір ақпарат беруден қатты қашады екен. Сондықтан олардың құқына қол сұқпауды, азаматтық ұстанымымыз санадық. Әйтсе Мейрамның әңгімесі суретсіз-ақ мазмұнды еді.

 

Біздің жұмыстағы ең қиыны – моральды-психологиялық жағдай. Заттарын алып кетіп бара жатқанда бала-шағалары жылап жатады. Телевизорын алып жатқанда «менің мультик көретін телевизорыма тимеңдер!» деп кішкене қыз жылайды. Автокөлігін алып бара жатқанда «мені балабақшаға енді қалай алып барады?» деп кішкене ұл жылайды. Болмаса, борышкердің өзі қоқан-лоқы көрсетеді, әйелдері ұрсып қарғап жатады. Соның барлығы көңілімізге батады. Бірақ, заңның аты заң. Ол қатал болсын, жұмсақ болсын, орындалуы керек. Ең қиыны, адамдарды пәтерінен шығарып тастау. Мұндай жұмыс айқай-шусыз бітпейді. Ұрыс-керіс, жылап сықтау. Тіпті, «үстіме бензин құйып өзімді өртеймін» деп немесе газ баллон мен шырпы ұстап тұрып «үйді жарып жіберемін» дейтін адамдар кездеседі. Сондықтан да біз ондай жағдайда міндетті түрде жедел жәрдем, төтенше жағдай және полиция қызметкерлерін алдын ала шақырып қоямыз. Қаншалықты заң орындалу керек дегенмен де, моральдық жағынан алғанда қиын», – дейді Мейрам Бекқұлыұлы.

 

Заттарын алып жатқан кезде борышкерлер тарапынан сот орындаушыға қарсылықтар көрсететіндері де жоқ емес екен. Қоқан-лоқы жасап, төбелес шығаратын борышкерлер де бар. Тіпті бірде, карьердің басына бір экскаваторды тәркілеуге барған сот орындаушысын сол жердегі адамдар «осыдан алып көр, карьердің кез-келген жеріне апарып көміп тастаймыз, сүйегіңді ешкім таба алмай қалады» деп қорқытқан екен. «Ондайда адамдарды сабырға шақырып, заңды түсіндіріп, нағыз болмай бара жатса, полиция шақырып, әрекет етеміз», – дейді сот орындаушы.

 

Мейрамның осы салада жүргеніне биыл 14 жыл. Осы ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, 2019 жылдың желтоқсан айында «Атқарушылық құжаттарды орындау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальін алған екен. Ал екінші кейіпкеріміз Аяулым ол уақытта енді ғана тағлымдамадан өтіп жүрген болатын. Ендеше, оның аға әріптестен үйренері өте көп. Мейрам Бекқұлыұлының бала кезден бір хоббиі – күрес. Самбо, қазақша күрес, дзюдо сынды жекпе-жектерде түрлі жарыстарға қатысып топ жарып жүр. Соңғы жетістігі - Қазақ күресінен Қазақстан чемпионы. Өзі қазақ зиялыларының алтын бесігі – Торғай топырағының тумасы, спорт шебері. Спортқа жақындығының қызмет жолында да көмегі көп болыпты. Заңгер мамандығын оқып, осы қызметті де өзі таңдап алған. Сол үшін жаны ашып, жүрегі ауырады.

 

«Әділ шешімді шығаратын сот, ал оның әділдігін орнататын – сот орындаушылары. Бірақ, өкінішке қарай, қоғамда біз әділдік орнатып жатыр деген ұғым қалыптаспаған. Керісінше, біздерді жазалаушы сияқты көреді. Зардап шеккен тараптың мүддесі үшін жұмыс істеп жатқанымыз көп ешкімнің ойына кіріп-шықпайды. Ескерту уақыты бітіп, мәжбүрлеу шараларын қолдана бастаған кезде бізді сыртымыздан жамандап жататындар көп. Ендеше, борышкердің өзі осыны әу баста неге ойламайды? Олардың сот кезінде ұтылып қалғанына біз неге кінәлі болуымыз керек? Көбінесе, адамдар өкпе-ренішін бізге айтады. «Мынау дұрыс емес, анау дұрыс емес!» деп. Біз орындаушымыз. Атымыздың өзі соны айтып тұр емес пе? Сондықтан да мұның барлығын соттың кезінде шешіп алу керек еді. Ал егер осылардың барлығын біз орындамасақ, онда біз жаза тартамыз. Лицензиямызды алып алады. Сондықтан да сот шешімінің дұрыс-дұрыс емесін біздің талқылауға хақымыз жоқ», – дейді сот орындаушы Мейрам Әбдіков.

 

Сот орындаушысының бір күнін осылайша жоғары нотада аяқтадық. Әр салада өз ісінің маманын көргенде, олардың қызметіне берілгендігіне көз жеткенде бойыңды таңданыс пен мақтаныш қатар кернейді екен. Өйткені бұл қызметкерлер қаншама баланың несібесін алып беріп, қаншама тараптың қарызын өндіріп отыр.

 

Мәселен, бүгінде республикамызда 2090 жеке сот орындаушысы болса, соның ішінде Аяулым мен Мейрам істейтін Нұр-Сұлтан қаласы Сот орындаушылары палатасында 290 адам бар. Ал 2020 жылы республикада қарыз өндіру бойынша 5 млн 180 мың іс атқару өндірісіне түседі екен. Ендеше, бұл еліміздегі сот төрелігінің азаматтық-әкімшілік саладағы жұмыс ауқымын, қоғамдық-экономикалық қатынастардың бұрқ-сарқ қайнап жатқандығын көрсетеді. Мекен жай мен кеңсенің арасында жүргенде күн де кешкірген екен. Осылайша, Фемида жауынгерлерімен еңбегіне жеміс тілеп қоштастық.

 

НҰРЛАН ҚОСАЙ

ФОТО АВТОРЫ: НҰРЖАН ТҰРҒЫМБАЕВ

 


2021-06-12