ҚР "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Заңының 16-бабында атқарушылық іс жүргізу тараптары атқарушылық іс жүргізу материалдарымен, оның ішінде электрондық түрде танысуға, олардың көшірмелер жасауға, алуға, қосымша материалдар, өтінішхаттар беруге, атқарушылық іс-әрекеттер жасауға қатысуға, атқарушылық іс-әрекеттер процесінде ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге, атқарушылық іс жүргізу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін айтуға, басқа адамдардың дәлелдері мен өтініштеріне қарсылық білдіруге, сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) немесе шешімдеріне шағымдануға, бітімгершілік келісімді бекіту туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде (АІЖО ААЖ) атқарушылық іс жүргізу “Тараптарының кабинетін” (борышкер, өндіріп алушы) пайдалануға енгізді. Осы кабинетте атқарушылық іс жүргізу тараптары атқарушылық іс жүргізудің орындалу барысымен таныса алады, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізудің барлық процестік материалдарын қарай алады. Бұдан басқа, сот шешімін орындау мәселелері туындаған жағдайда борышкер не атқарушылық іс жүргізуді өндіріп алушы онлайн режимде сот орындаушысына сұрақ қоя алады және қажет болған жағдайда құжатты сала алады, сондай-ақ "электрондық үкіметтің"төлем шлюзі арқылы бар берешекті онлайн режимде төлей алады. АІЖО ААЖ тіркелу үшін жеке және заңды тұлғалар жақын маңдағы Халыққа қызмет көрсету орталығынан электрондық-цифрлық қолтаңбаны алуы қажет.