Алимент төлемесе не болады?

Vox Populi, 08.08. 2021 ж.

Қазір отбасы шайқалып, неке бұзылған жағдайлар көп. Бұрын етене жақын болған екі адам екі жаққа кеткен соң ортадағы балаларды қамтамасыз ету, қамқорлық жасау мәселесі туындайды. Жауапкершілікті сезінбейтін әкелер алимент төлемей, қашып жүр. Жауапкершіліктен қашудың соңы неге әкеліп соқтырады? Алимент қалай есептеледі? Осы сұрақтарға қатысты Vox Populi тілшісі Алматы облысы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Ержан Мұқажановпен сұхбаттасқан еді.

 

Алименттен жалтара алмайсың

 

Алматы қаласының тұрғыны Гүлмира Жарасбаева күйеуімен ажырасқан соң кәмелетке толмаған үш баланы өзі тәрбиелеуде. 17 жыл бірге отасқан серігі бір күнде басқа әйелге кетіп қалған. Содан бері балаларына қарайласпаған. Себебі, жаңадан алған келіншегі қарсы болған көрінеді. Өзімен сөйлескенде ештеңе шығара алмаған Гүлмира жарты жыл бұрын оны сотқа беріпті. Сот бұрынғы күйеуін алимент төлеуге міндеттейді.

Жеке сот орындаушысы Ержан Мұқажанов Гүлмираның бұрынғы күйеуімен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Сол уақытқа дейін ол азамат балаларына 500 мың теңге қарыз болыпты. Қателігін түсінген ол қолында дайын қаражаты болмаған соң Водник ықшамауданында орналасқан үйін, одан өзге екі жер телімін балаларына жазып береді. Алимент есебінен өндірілген жылжымайтын мүліктің құны орташа есеппен 10 млн теңгеден асты.

 

Алимент төлеуден қашудың салдары қандай?

 

— Қазақстанда ажырасқан азаматтардың үштен екісі алиментті уақытында бермей, жалтарады. Ал әрбір оныншы борышкер мүлде төлемейді. Бұған жұмыссыздық немесе ішімдікке салыну сияқты өмір салты себеп болуы мүмкін. Біреу жалақысының ақшасын таза қолына алады, енді біреу кірісін әдейі жасырады, ал тағы біреудің ақшасын мақсатты пайдаланғаны туралы сенімді ақпарат жоқ.

Ержан Мұқажановтың айтуынша, борышкерден алиментті төлемеген өткен айлар мен жылдардың қарызын қайтарып алуға болады. Бірақ бұл жерде, егер арыз беруші тарап бұған дейін сотқа жүгінген болса, бірақ оның арызы қараусыз қалдырылған жағдайда алимент қарызы өндіріледі. Немесе арыз беруші борышкермен алимент төлеу туралы бірнеше рет келіссөздер жүргізгенін дәлелдеуі тиіс: хат-хабарлардың скриншоттары, пошта, телефон қоңырауларының жазбалары, диктофон жазбаларын ұсынады. Алимент төлемдері дәл осы дәлелдеме ұсынылған кезеңге есептеледі.

— Ал алимент төлеуден жалтарып жүргендерге мәжбүрлеу шаралары қолданылады: шоттары мен мүліктері бұғатталады, ол шетелге шығу құқынан айрылады, көлік құралдарын басқару құқығы шектеледі, сонымен қатар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес, сот 600 сағатқа қоғамдық жұмысқа, екі жылға бас бостандығынан айыруға жаза тағайындауы мүмкін. Яғни, біздің жұмысымыз келесідегідей, алдымен борышкерге айыппұл төлетіп, ескерту жасаймыз. Бұдан нәтиже шықпаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Яғни біз құқық қорғау органдарына хат жолдаймыз. Әрі қарай қылмыстық жаза қарастырылуы мүмкін. Қылмыстық жаза үш ай алимент төлемегеннен кейін басталады.

Өз тәжірибеме сүйенсем, алименттік міндеттемелерден жалтарғандарға қатысты қылмыстық жауаптылық әрқашан балалардың пайдасына шешілмейді дегім келеді. Неге? Өйткені көптеген ер адамдар тұрғылықты жерін, телефон нөмірлерін өзгертіп, сот орындаушылардан жасырынып жүреді. Ал алимент төлегісі келмейтіндердің арасында қалталы азаматтар да бар. Олардың көпшілігі біреудің баласы, ағасы, танысы. Ондай жағдайда барлық мәселелер телефонмен «шешіледі».

Статистикаға сәйкес, әрбір төртінші борышкердің тұрақты табысы бар, ал қалғаны мезгіл-мезгіл төлейді. Бүгінде елде ЖСН, мобильді деректер бойынша адамды іздестіру мен анықтаудың заманауи құралдары бар. Оның үстіне қазір мемлекеттік және жеке сот орындаушылары құқық қорғау органдары мен арнайы органдардың ақпарат алмасу жүйесіне қосылған. Бұған қоса әлеуметтік желілердің көмегі де тиіп жатады. Кейбіреулер жаңа автокөлігін, пәтерін көрсетіп, демалыстағы фотосуреттерін жариялайды. Ал сот орындаушыларына табысым аз, жұмысым жоқ деп шағымданады. Дегенмен оларға да заң аясында шара қолданылып, тиісті төлемдер өндіріледі.

 

Алимент қалай есептеледі?

 

Бүгінде сотқа жүгіну үрдісі қиын емес-өтініш берсе болды. Қазақстанда алимент өндіру туралы өтініш бергеннен кейін сот оның дұрыстығын тексеріп, тараптарды жауапқа шақырады. Істі қарағаннан кейін өтініш берушінің талаптарын қанағаттандыруы, ішінара қанағаттандыруы немесе қанағаттандырудан бас тартуы мүмкін. Егер жауапкер немесе өтініш беруші сот шешіммен келіспесе, жоғары тұрған сотқа шағымдануға болады. Егерде барлық дәлелдер ұсынылып, өтініш берушінің талабы қанағаттандырылса, сот үш күн ішінде бұйрық шығарып, сол мезеттен бастап алименттік төлемдер тағайындалады. Мемлекеттік баж жауапкерден алынады. Бір жарым айдан кейін сот орындаушысы іске кіріседі, яғни алимент бойынша міндеттемелер туралы екінші тарапқа хабарлайды.

Алимент — заңға сәйкес, ерлі-зайыптылардың бірі екіншісіне төлеуге міндетті ақша немесе басқа материалдық игілік. Оны алу үшін сотқа жүгіну міндетті емес — адамдар өзара келісіп, төлем туралы келісімге қол қояды. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» кодексінің бесінші бөлімі «алимент» ұғымына және төлемдер сомасын тағайындау тәртібіне арналған.

— Алимент төлеу тәртібі мен мөлшерін сот анықтайды. Заң бойынша олар барлық табыстардан: жалақыдан, сыйақылардан, бонустардан, мүлікті сатудан, авторлық гонорардан шегерілуі тиіс. Бір бала үшін төлем табыстың төрттен бір бөлігін құрайды, екеуі үшін — үштен бір бөлігін құрайды, үш және одан көп бала үшін — жалақысының жартысы алынады. Алимент төлегісі келмегендер көбіне шынайы табысын жасырып, ең төменгі жалақыны көрсетіп жалған анықтама қағаз әкеледі. Ал төменгі жалақы елімізде 42 500 теңгені құрайды. Бұл жағдайда, заңнамаға сәйкес, бір балаға — 10 625 теңге, екі балаға — 14 167 және үш немесе одан да көп балаға — 21 250 теңге көлемінде алимент төленеді. Бұл төленетін алименттің ең төменгі мөлшері. Осылайша, әкесінің бір айлық жауапкершілік мөлшері, төлем көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен (26 915 теңге) соманы құрайды.

Ал егер зейнетақы жарнасында бұл немесе өзге сома көрсетілмесе алименттің мөлшері орташа айлық есептік көрсеткіш бойынша саналады. Демек, орташа айлық есептік көрсеткіш 256 мың 766 теңге болып табылса, оның төрттен бірі, яғни төленетін алимент мөлшері бір балаға 63191 теңге болады.

Сот шешіміне сәйкес алимент төлеп жүрген адам жұмысынан айырылуы, ауыстыруы немесе басқа жаққа қоныс аударуы мүмкін. Мұндай жағдайда алимент төлеуші өміріндегі өзгерісі туралы сот орындаушысын хабардар етуі керек. Бұлай істемеген жағдайда ол адамға 10 АЕК — 27 780 теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 671-бабында көрсетілген.

Балаға төленетін алимент туралы түйіндей келе, балаға тиесілі төлемді алуға өтініш берген адам қажетті құжаттар тізімін мұқият қарап шығып, сотқа жүгінуіне болады. Отбасының игілігіне қызмет етіп, өмірге әкелген соң баланы екі-жақты қамқорлыққа алу ата-ананың міндеті. Сондықтан ресми немесе тұрақты жұмыстың болмауы да алимент төлеуден босатпайтынын біліп жүріңіздер.


Аяжан Жаманбаева

Фото: Бауыржан Сәбитов


2021-09-10